Accessibility links

Қырымдағы жалғыз украин басылымы қызметін тоқтатты


Қырымда шығатын "Кримська світлиця" газеті.

Қырымда шығатын "Кримська світлиця" газеті.

Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде украин тілінде шығатын қоғамдық-саяси жалғыз басылым - "Кримська світлиця" газеті таралымын тоқтатты. Азаттықтың Қырым редакциясының хабарлауынша, басылымның 25 наурыздағы санында газет Қырымда осымен соңғы рет шығатыны айтылған.

14 наурызда "Ұлттық газет-журнал баспасы" бас директорының басылым редакциясын Симферопольден Киевке көшіру туралы бұйрығы шыққан. Газеттің Қырымдағы қызметкрелері бұл шешімді әділетсіз деп санайды. Олар биліктен Қырымдағы украиндықтардың гуманитарлық мәселелеріне назар аударуды және мемлекеттік тұрғыдан қарауды талап етеді. Олардың пікірінше, газетке сұраныстың тұрақты түрде артып отырғанына басылым сайтына мыңдаған адам кіретіні дәлел бола алады.

"Ұлттық газет-журнал баспасы" Киевке көшіру шешімін басылымның аннексияланған аймақтағы қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауап бере алмайтынымен түсіндірді.

"Кримська світлиця" Қырымда 1992 жылдан бері басылған. Басылым редакциясын Қырым аннексияланған 2014 жылы-ақ басып алып, жойған. 2015 жылдың мамырынан бастап газет тек электронды түрде шығады.

Украинада Виктор Янукович билікке келген соң, 2010 жылдың сәуірінен бастап газет қағаз түрінде басылып шығуын тоқтатқан. 2011 жылдың шілдесінен бері газет қайта басылып шыға бастаған.

Қырым Ресейге қосылған 2014 жылдан бері аннексияны қолдамайтын немесе Ресей заңдары бойынша қайта тіркеуден өтпеген украинашыл және Қырым татарларының бірқатар ақпарат құралы Украинаға көшіп кеткен.

XS
SM
MD
LG