Accessibility links

"Матаев ісінде" тағы екі адам аталды


Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев.
Қазақстан журналистер одағының жетекшісі Сейтқазы Матаев.

Жемқорлықпен күрес қызметі "ақпараттық саясатқа бөлінген қаржыны жымқыру" ісі бойынша тағы екі адам күдікке ілінгенін хабарлады. Мекеме дерегінше, инвестициялар және даму министрлігі ақпараттандыру және байланыс комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап пен бұл комитеттің бұрынғы төрағасы Болат Қальянбеков осы іске қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

Бұл іс бойынша бұған дейін Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев, оның ұлы - ҚазТАГ агентігінің басшысы Әсет Матаев, ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев, комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бек Арпабаев, "Қазақтелеком" компаниясының стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетажиев күдікке ілінген.

Жемқорлықпен күрес қызметінің мәліметіне қарағанда, тергеу барысында 2010-2015 жылдары мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттауға бөлінген 160 миллион теңгеден астам қаржы жымқырылғаны анықталған. "Аталған тұлғалар ҚазТАГ агенттігімен ғана келісім жасасу үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңды өрескел бұзған" делінген ресми ақпаратта.

Сейітқазы Матаевты ұлы Әсет Матаевпен бірге 22 ақпанда Алматы қаласының антикоррупциялық қызметіне тергеуге апарған. Сейітқазы Матаев бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталып, 24 ақпанда үйқамаққа алынған. Ал Әсет Матаев бүгін үйқамаққа алынды.

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists) ұйымы мен Article 19 ұйымы Сейітқазы Матаевтың ұсталғанына қатысты алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG