Accessibility links

Bek Air-де жоспардан тыс тексеру басталмақ


Астана әуежайы (Көрнекі сурет).
Астана әуежайы (Көрнекі сурет).

"Ұшағының алдыңғы шассиі ашылмай, апатты жағдайда қонған Bek Air компаниясында бүгін жоспардан тыс тексеру басталады" деп хабарлады Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты.

Ресми мәлімет бойынша, премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Bek Air ұшағының апатты жағдайда қонуына байланысты жиын өткізген. Онда индустрия және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетіне тиісті органдармен бірге Bek Air-дағы ұшу қауіпсіздігі деңгейін көтеру шаралары жоспарын жасау тапсырылған.

Бұған қоса, оқиғаны ұшақты жасаған зауыт өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған арнайы комиссия тексеретіні хабарланды.

Жиынға қатысқан Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов таяуда компания IOSA халықаралық авиация аудитінен өтетінін хабарлаған.

27 наурыз күні Bek Air әуе компаниясының 2041-рейсі бойынша Қызылорда-Астана бағытымен ұшып келген Fokker 100 ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонған. Қазақстан бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, апатты жағдайға ұшақтың алдыңғы шассиінің ашылмауы себеп болған. Ұшақта 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.

Прокуратура бұл оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 344-бабы ("Темiржол, әуе, теңіз, өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") бойынша іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

XS
SM
MD
LG