Accessibility links

ІІД: "Жаңа өмір" шіркеуін тінту кезінде қару табылды


"Жаңа өмір" шіркеуінде шіркеу әін айтып тұрған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.
"Жаңа өмір" шіркеуінде шіркеу әін айтып тұрған адамдар. Алматы, 28 қаңтар 2013 жыл.

Алматыда "Жаңа өмір" евангелдік христиан сенімі шіркеуі" діни бірлестігінің кеңсесін тінту кезінде тіркелмеген қару мен оқ-дәрілер табылды деп хабарлады Алматы қалалық ішкі істер департаментіне сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер.

Департамент мәліметіне қарағанда, діни бірлестіктің бас кеңсесіне тінту 25 наурыз күні ұйым жетекшісінің "аса ірі көлемде қаржы жымқыруына" қатысты іс бойынша жүргізілген. "Жаңа өмір" шіркеуі кеңсесімен бірге ұйым жетекшісі Сергей Заикин мен пастор Лариса Максимованың тұрғылықты жеріне де тінту жасалған. "25 наурызда бірлестіктің бас кеңсесі мен жетекшісінің тұрғылықты жеріне тінту жасалып, қаржылық құжаттар мен ұйымның қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты материалдар тәркіленді. Тәркіленген материалдарға сараптама тағайындалды. Бұдан өзге, тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды" делінген департамент ақпаратында.

Полиция мәліметінше, тінту кезінде діни әдебиеттер мен бірлестік қорының қаржысы тәркіленгені туралы "көпе-көрінеу жалған ақпарат" таратылып жатыр. Ал әлеуметтік желілердегі кейбір топтарда полицияның әрекетінде "діни астар бар" деген пікірлер келтірілген.

Алматыдағы "Жаңа өмір" шіркеуінің кеңсесі мен құлшылық қылатын үйі Алматы электротехника зауытының бұрынғы мәдениет үйінде, Алматы-1 теміржол вокзалына жақын орналасқан. Бұған дейін Сергей Заикин шіркеу діни бірлестіктер туралы жаңа заңға сай қайта тіркеуден өткенін және бұрынғыдай заңды түрде жұмыс істеп жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG