Accessibility links

Кипр: Ұшақты басып алудың террормен байланысы жоқ


Ларнака әуежайына күштеп қондырылған Египет ұшағынан түсіріліп жатқан жолаушылар. Кипр, 29 наурыз 2016 жыл.
Ларнака әуежайына күштеп қондырылған Египет ұшағынан түсіріліп жатқан жолаушылар. Кипр, 29 наурыз 2016 жыл.

Египеттен айдап әкетіліп, Кипрге күшпен қондырылған EgyptAir компаниясының Airbus 320 ұшағын басып алудың терроризммен байланысы жоқ деп мәлімдеді бүгін Кипр президенті Никос Анастасиадис.

Египеттің Александрия қаласынан Каирге ұшып шыққан ұшақты бүгін таңертең белгісіз қарулы адам күшпен басып алып, Кипрдің Ларнака қаласы әуежайына қондырған. Ұшақты басып алғандармен жүргізілген келіссөзден соң борттағы жолаушылардың көпшілігі босатылып, бес шетелдік пен экипаж мүшелері ғана қалдырылған.

Египеттің азаматтық авиация министрлігінің хабарлауынша, ұшақ Каирге бет алғанда жолаушылардың бірі ұшқышқа денесіне жарылғыш байлап алғанын айтып, ұшақты Ларнака әуежайына қарай бұруды бұйырған.

Министрлік ұшақта 81 жолаушы болған десе, EgyptAir 55 жолаушы болған дейді.

Ұшақты басып алғанның аты-жөні және оның ұшақты не үшін күшпен әкеткені анық емес.

Кипрлік ақпарат тқұралдарының хабарлауынша, басып алған адам өзін Кипрде тұратын бұрынғы әйелімен байланыстыруды сұраған. Ал Египеттің MENA агенттігі ұшақты басып алған адамның египеттік және аты-жөні Ибрахим Самаха екенін хабарлады. Кейбір ақпарат бойынша, ол - Александрия университетінде ветеринарлық медицина саласының профессоры.

Өзге мәліметтерге қарағанда, ұшақты басып алған адам египеттік емес және ол Кипрден саяси баспана сұраған.

Бес ай бұрын Египеттің Шарм-әл-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққан "Когалымавиа" компаниясының жолаушылар ұшағыСинай түбегінде апатқа ұшыраған. Ұшақта болған 224 адамның барлығы түгел қаза тапқан.

Ұшақ апатына жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG