Accessibility links

Прокурор Мәмбеталиннің жазасын жеңілдетуді сұрады


Серікжан Мәмбеталин, азаматтық белсенді. Алматы, 29 наурыз 2016 жыл

Серікжан Мәмбеталин, азаматтық белсенді. Алматы, 29 наурыз 2016 жыл

29 наурызда Алматыда өткен апелляциялық сотта прокурор азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің жазасын азайтып, екі жыл бас бостандығын шектеуді, үш жыл қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Мәмбеталин мұның алдында алауыздық тудырды деген айыппен екі жылға сотталған еді. Бірақ белсенді апелляциялық шағым түсірген кезеңде уақытша босатылған болатын.

Прокурор осындай айыппен үш жыл түрме жазасына кесіліп, бес жылға қоғамдық қызметтен шеттетілген белсенді Ермек Нарымбаевтың жазасын өзгертпеуді сұрады. Нарымбаев - әзірше үйқамақта.

Сейсенбі күнгі сотта сөйлеген Нарымбаев кінәсін мойындамайтынын мәлімдеп, қылмыстық істі жауып, өзін сот залында босатуды талап етті. Сотқа өз еркімен келіп, еркін кеткен Мәмбеталин кінәсін мойындады. Ал үйқамақтағы Нарымбаев сот залына күзетпен келіп, үйіне күзетпен әкетілді.

Екі белсендіге қатысты апелляциялық сот үкімі 30 наурыз күні сағат 11.00-де шығады. Мәмбеталин мен Нарымбаев 22 қаңтарда "алауыздық тудырды" деген баппен екі және үш жылға сотталған еді. Оларға қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни алауыздық тудыру") айып тағылған еді. Белсенділер интернетте тараған "Ветер с улицы" кітабынан Facebook парақшаларында үзінді жариялау арқылы "қазақ халқының ар-намысын қорлады" деп танылған. Екі белсенді әуелі бұл айыпты мойындамай, кейін "шын өкініп кешірім" сұраған соң уақытша қамаудан босатылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG