Accessibility links

Украинада партиялар жаңа коалиция құра алмады


Украинаның "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко.
Украинаның "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко.

Украина экс-премьері Юлия Тимошенконың "Батькивщина" партиясы бірнеше шарт қойып, парламентте жаңа үш партиялы коалиция құрылады деген үміттің орындалуына қауіп төндірді.

28 наурызда "Батькивщина" президент Петр Порошенконың блогымен және премьер-министр Арсений Яценюктің партиясымен бірге жаңа коалиция құруға келіскені хабарланған. Жаңа коалицияың құрылуы елдегі саяси дағдарысқа нүкте қояды деген үміт пайда болған. Саяси дағдарыс Украинада Батыс елдері қолдаған реформалардың іске асуына және Халықаралық валюта қорынан несие алу келіссөзіне нұқсан келтіріп тұрған.

Тимошенко 29 наурызда жаңа құрылмақ коалиция өкілдерімен кездесуінде зейнетақы төлемдерінен салық алу ережесін жоюды және энергия тарифтерін азайтуды талап етті. Энергия тарифтерін көтеру Халықаралық валюта қоры Украинаға қаржылай көмек беру үшін қойған негізгі талап болған.

Кездесуден соң депутаттар Яценюк партиясы және Порошенконың парламенттегі фракциясы 28 наурызда "Батькивщинамен" уағдаластық жасасқанына қарамастан жаңа коалиция құрылмағанын айтты. Reuters агенттігінің "Петр Порошенко блогындағы" дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Тимошенко өзін коалицияға кіргізу үшін "бірқатар заң жобасын қабылдатуды" талап еткен.

Арсений Яценюк партиясы фракциясының депутаттары үш партиялық коалиция құру шартты түрде бекітілмегенін айтты. Фракция жетекшісі Максим Бурбак келісім келесі аптаның соңына дейін жасалып бітпейтінін айтты.

"Батькивщина" парламентте азшылықты құрайды. Бірақ Порошенко мен Яценюк фракцияларының 216 депутатына үш партиялық коалиция құру үшін парламенттегі "Батькивщинаның" 19 депутатының қолдауы жеткілікті болатын еді.

XS
SM
MD
LG