Accessibility links

Назарбаева: Смартфон-тыйымның БАҚ-қа қатысы жоқ


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева бүгін Астанада өткен брифингте мемлекеттік мекемелерде смартфон ұстауға салынған тыйым журналистерге қатысты емес деп мәлімдеді.

"Аталған бұйрық тек мемлекеттік аппараттағыларға, мемлекеттік қызметкерлерге арналған. Сондықтан қазір әкімшіліктегілердің журналистерге мекемеге гаджет ұстап кіруіне тыйым салуы - өкілеттігін асыра пайдалану және ол ешқандай бұйрыққа сай келмейді" деді Назарбаева.

Ол бұл тыйым күші барлық мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде басшыларға да жүретінін айтты.

Кеше Астана қалалық сотының қызметкерлері Азаттық тілшісі мен Ratel.kz сайтының журналисіне сот ғимаратына кірерде смартфондарын қалдырып кетуді міндеттеген. Олар өз әрекетін президент әкімшілігі жетекшісі мен премьер-миинстрдің бұйрығымен түсіндірген. Бірақ олар ақпарат құралдары өкілдеріне смартфондарын тастап кетуді міндеттейтін қандай да бір құжатты атаудан я көрсетуден бас тартқан. Астана қалалық соты кеңсесі ішкі қауіпсіздік бөлімінің маманы Дулат Өтембаевтың айтуынша, ондай құжат "құпия" саналады.

Қазақстан үкіметі 24 наурыздан бастап мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің смартфон мен планшет ұстауына тыйым салған. Ресми мәлімет бойынша, бұл шара "ақпараттың сыртқа шығуымен күресу үшін енгізілген". Мемлекеттік мекемелерде интернет байланысы ұстайтын, фото және видео камералары бар құрылғылар қолдануға тыйым салынады. Бірақ мекемеде қоңырау шалып, хат-хабар алмасатын функциясы бар ұялы телефонды пайдалануға рұқсат етіледі.

XS
SM
MD
LG