Accessibility links

Ипотекалық несие бағдарламасы өзгерді


Ұлттық банктің Алматыдағы бас кеңсесі (Көрнекі сурет).
Ұлттық банктің Алматыдағы бас кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қазақстан ұлттық банкі ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізді. Ұлттық банк сайтында бүгін жарияланған хабарламаға қарағанда, банктердің ипотекалық тұрғын үй несиесін қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны игеру мерзімі биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұған қоса бағдарламаға қатыса алатындар саны ұлғайған.

Өзгерістер бойынша, бағдарламадағы кейбір шектеулер алынып, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтары санатына жатқызылатын несие алушылар нақтыланған. Сонымен қатар бағдарламаға оның шартына сай келетін үйінен бөлек қосымша жеке тұрғын үй салатын жер телімі бар несие алушылар да енгізілген. Банктердің несие алушыны несиесін қайта қаржыландыру туралы оң шешім шыққаны туралы хабардар ету міндеті нақтыланып, банктің несие алушымен қарызын қайта қаржыландыру туралы келісім шарт жасасатын мерзімі белгіленген.

Ұлттық банктің ақпаратына қарағанда, 15 наурыздағы мәлімет бойынша банктерге несиесін қайта қаржыландыру туралы 19 мың 833 өтініш түскен. Олардың 12 мың 956-сы бойынша 80 миллиард теңге сомасында несиені қайта қаржыландыру туралы шешім шыққан.

Қазақстан үкіметі 2015 жылы өтелмей жатқан ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына 130 миллиард теңге (370 миллион доллар) бөлген.

Қазақстанда ипотекалық несиемен үй алғандардың көбі 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан қарыздарын төлей алмай қалған. Ипотекалық несие алғандардың қоғамдық ұйымдары 2014-2015 жылдардағы девальвациялар кесірінен несиелерін өтей алмай қалғандарын айтады.

XS
SM
MD
LG