Accessibility links

Таулы Қарабақта шайқас жүріп жатыр


Таулы Қарабақ аймағынан түсірілген видеодан скриншот. 2 сәуір 2016 жыл.
Таулы Қарабақ аймағынан түсірілген видеодан скриншот. 2 сәуір 2016 жыл.

Таулы Қарабақ аймағында жағдай сенбіге қараған түні күрт шиеленісіп кетті. Өзін-өзі жариялаған Таулы Қарабақ республикасы (ТҚР) қорғаныс министрлігі Әзербайжан қарулы күштері тарапынан болған атыс салдарынан 12 жастағы ұл бала мерт болып, тағы екі бала жараланғаны жайлы ақпарат таратты. Әзербайжан ішкі істер министрлігі қарулы қақтығыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мерт болғаны туралы хабарлады.

ТҚР қорғаныс министрлігі қарсылас екі тарап арасындағы сызық бойында «кескілескен шайқас жүріп жатқаны» туралы айтады. Олардың әзербайжандық әскери тікұшақты атып түсіргені туралы таратқан хабарын Әзербайжан жағы жоққа шығарды.

Таулы Қарабақтағы атыс туралы видео:

Таулы Қарабақтағы шайқас
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00

Даулы аймақта қарулы қақтығыстың өршіп кетуіне Армения мен Әзербайжан бір-бірін айыптап жатыр. Жағдайдың күрт шиеленісіп кетуіне байланысты алдағы аптада Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағаларының шұғыл жиыны өтпекші.

Ресей президенті Владимир Путин бүгін Баку мен Ереванды әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды деп хабарлайды ресейлік баспасөз құралдары. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Армения мен Әзербайжан қорғаныс министрлерімен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы жағдайды неғұрлым тезірек тұрақты қалпына келтіру қажеттігін талқылағаны хабарланды.

Сәуірдің 1-і күні Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джо Байден Армения және Әзербайжан президенттерімен кездесіп, тараптарды Таулы Қарабақ мәселесі шешімінің бейбіт жолын табу үшін өзара келісімге келуге шақырған.

Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысының 1991 жылы Әзербайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдемесі Армения мен Әзербайжан арасындағы қарулы жанжалға ұласып, салдарынан 30 мыңға жуық адам мерт болған. Халықаралық бітімгерлердің қатысуымен 1994 жылы Армения мен Әзербайжан арасында атысты тоқтату туралы уағдаластық жасалған. Алайда, соған қарамастан, даулы аймақпен шектесетін сызық бойында әзербайжан мен армян әскерилері арасында оқта-текте қарулы атыс болып қалатын еді.

XS
SM
MD
LG