Accessibility links

Таулы Қарабақта ахуал күрделі күйінде қалып отыр


Таулы Қарабақта армян және әзербайжан әскерилері арасындағы қарулы қақтығыста жараланған екі бала дәрігерлердің бақылауында. 2 сәуір 2016 жыл.
Таулы Қарабақта армян және әзербайжан әскерилері арасындағы қарулы қақтығыста жараланған екі бала дәрігерлердің бақылауында. 2 сәуір 2016 жыл.

Таулы Қарабақ аймағында өте күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сенбі күні телеарнадан сөйлеген Армения президенті Серж Саргсян сол күні болған қарулы қақтығыстардан армениялық 18 әскери қаза тауып, 35-і жараланғаны туралы мәлімдеді. Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде 12 әскери қызметшісі мерт болғаны, Ми-24 әскери тікұшағы мен минаға түскен бір әскери танк жоғалтқаны айтылған. Екі тарап та қарулы қақтығысқа бір-бірін айыптап жатыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағалары – АҚШ, Ресей және Франция даулы аймақтағы жағдайға байланысты алдағы аптада Венада шұғыл жиын өткізбек.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могерини мен Германия сырты істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Баку мен Ереванды әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатып, бейбітшілік орнатуға шақырды.

Таулы Қарабақ аймағындағы екі тарап арасындағы сызық бойында сенбіге қараған түні атыс үдеп кеткен. Армения «сызықтан өтіп, шабуыл жасады» деп Әзербайжанды айыптайды. Баку «атқылауды армениялық әскерилер бірінші болып бастады» деп мәлімдеген.

Сәуірдің 1-і күні Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джо Байден Армения және Әзербайжан президенттерімен кездесіп, екі тарапты даулы аймаққа қатысты мәселе шешімін бейбіт жолмен табуға шақырған.

Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысы 1988 жылы Әзербайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдегеннен кейін, даулы мәселенің соңы Армения мен Әзербайжан арасында қарулы жанжалға ұласқан. 1992-1994 жылдары аралығында болған әскери іс-қимылдардан соң Әзербайжан Таулы Қарабаққа бақылаудан айрылып қалған. Халықаралық бітімгерлердің қатысуымен 1994 жылы Армения мен Әзербайжан арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалған. Алайда, соған қарамастан, даулы аймақпен шектесетін сызық бойында оқта-текте атыс болып қалатын еді.

XS
SM
MD
LG