Accessibility links

Пан Ги Мун Таулы Қарабақтағы атысты тоқтатуға шақырды


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Таулы Қарабақ аймағында әскери қарудың ауыр түрлері қолданылып, көп адамның қаза болғаны, олардың арасында бейбіт тұрғындар бары туралы хабарға алаңдаушылық білдірген. Пан Ги Мун тараптарды атысты дереу тоқтатып, жанжалды бейбіт жолмен реттеуге шақырды деп хабарлады оның баспасөз қызметі.

«Бас хатшы жанжалға қатысы бар барлық тараптарды қарулы іс-қимылдарды дереу доғарып, атысты тоқтату туралы жасалған келісімді толық орындауға және шиеленісті сейілту жөніндегі қадамдарға жедел кірісуге шақырады» делінген мәлімдемеде.

Пан Ги Мун Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы мен даулы аймаққа қатысты мәселені бейбіт келіссөздер негізінде шешу жолын іздеп, қауіпті ахуалды реттеу жөніндегі жұмыстарға қатысушы барлық тараптарға толық қолдау білдіретінін айтқан.

Таулы Қарабақта екі тарап арасындағы сызық бойында сенбі күні болған қарулы қақтығыстар салдарынан Армения мен Әзербайжаннан жалпы саны 30 адам мерт болып, ондаған адам жараланған. Баку мен Ереван қарулы қақтығысқа бір-бірін айыптайды.

Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысы 1988 жылы Әзербайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдегеннен кейін, даулы мәселенің соңы Армения мен Әзербайжан арасында қарулы жанжалға ұласқан. 1994 жылы тараптар атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Содан бері аймақ мәселесі БҰҰ-ның күн тәртібінде тұр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобының теңтөрағалары даулы аймақтағы қарулы қақтығысқа байланысты алдағы аптада Венада шұғыл отырыс өткізбек.

XS
SM
MD
LG