Accessibility links

Уәкіл: 2 отбасының баспана жайы әлі шешілмеді


Алматылық Зейіш Қоржынбаев үйінен шығару жайлы актіні өртеп тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот)

Алматылық Зейіш Қоржынбаев үйінен шығару жайлы актіні өртеп тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот)

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі көп балалы екі отбасыны баспаналарынан шығару жекелеген лауазымды тұлғалардың шешімдері мен іс-әрекетінің ықтимал салдары болды деп мәлімдеді. Уәкіл баспасөз қызметі бүгін екі отбасы - алматылық Зейіш Қоржынбаев пен Қарағанды қаласындағы Кәріпбековтер отбасын үйінен шығаруға қатысты тексеру қорытындысын жариялады.

Уәкілдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы қаласының тұрғыны Зейіш Қоржынбаев отбасына үйінен шығарылу қаупі туып тұр. Азаттыққа өзін "әділетсіз судьялардың құрбаны болдым" деген Зейіш Қоржынбаев "нотариус пен судьяның заңсыз іс-әрекеті мен әділетсіз шешімі" салдарынан сатып алған үйіне қатысты дау шығып, одан айырылу қаупі туғанын айтқан еді. Осы дауға қатысты әйелі Светлана Тұрғымбаева 2012 жылы өзін-өзі өртеп қайтыс болған. Уәкіл баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, кейін Зейіш Қоржынбаевтың өзі де көз жұмған. Қазір даулы үйінде 4 кәмелетке толмаған баланы қосқанда барлығы тоғыз адам тұрып жатыр.

Уәкілдің баспасөз қызметі бұдан өзге қарағандылық Кәріпбековтер отбасын 2015 жылы соттың оларға басқа үй берген соң ғана тұрып жатқан үйінен шығару туралы шешіміне қарамастан шығарып жібергенін айтады. "2012 жылы Қарағанды қалалық әкімдігі оған үй берген. Жергілікті билік үй беру туралы шешім қабылдағанымен, одан кейінгі үш жылда үйде тұруға құқық беретін құжат бермей, 2015 жылы отбасыны үйден шығару туралы сотқа шағымданған. Кәріпбековтерге басқа үй беру мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген" дейді адам құқығы жөніндегі уәкіл.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл көп балалы отбасылар құқығы бұзылмауы үшін аталған жайттар жергілікті билік орындарының жіті назарында болуы тиіс екенін айтады.

"Келтірілген жайттар мемлекеттік органдарды бұзылған құқықты қалпына келтіру жауапкершілігінен босатпайды. Азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтіру жұмысы аяқталған жоқ. Адам құқығы жөніндегі уәкіл оны бақылап отырады" делінген ақпаратта.

XS
SM
MD
LG