Accessibility links

Әсет Матаев адвокаттарының судьяға қарсылығы қабылданбады


ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев сотта отыр. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.
ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев сотта отыр. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.

Алматы қалалық сотында бүгін ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев адвокаттарының Медеу аудандық сотының Матаевты үйқамаққа алу шешіміне берген апелляциялық шағымы қаралып жатыр.

Медеу аудандық соты Матаевты үйқамаққа алу туралы шешімді 28 наурызда мемлекеттік саясатты насихаттауға бөлінген қаржының жымқырылуына қатысты істі тергеп жатқан коррупцияға қарсы бюроның өтінішімен шығарған. Бұған дейін Матаевтың адвокаттары Андрей Петров пен Мадина Бакиева соттан оны кепілге босатуды сұраған.

Адвокаттар Петров пен Бакиеваның шағымды қарайтын судья Ардақ Ешееваға берген қарсылығы қабылданбады.

Әсет Матаев пен оның әкесі, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев та ақпаннан бері үйқамақта отыр. Сейітқазы Матаев мемлекеттік саясатты іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, өзіне қарсы істі үкіметтік емес бірлестік пен ақпарат құралына қысым жасау деп бағалайды.

"Матаев ісіне" қатысты ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы басшысы Болат Берсебаев пен комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бек Арпабаев және "Қазақтелеком" компаниясының стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетәжиев те екі айға үйқамаққа алынған. Оларға мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылған.

Бұл іс бойынша инвестиция және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап пен осы комитеттің бұрынғы төрағасы Болат Кальянбеков ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.

XS
SM
MD
LG