Accessibility links

Парламент: Депутаттарға қонақ үй нөмірі бағасы 29 мың теңге


Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан парламентінің шаруашылық істері басқармасы Soluxe Hotel Astana қонақүйінде мәжіліс депутаттарына арналған бір нөмірдің бағасы 29 мың теңге тұратынын мәлімдеді. Басқарма мәліметінше, осы күнге дейін Астана қонақүйлерінде 31 депутат тұрған. Олардың кейбірі наурыздың соңында, кейбірі сәуірдің басында орналасқан. Шаруашылық істері басқармасы депутаттар 8 сәуірден бастап қызметтік пәтерлерге көшетінін айтады.

Қазақстандық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде соңғы күндері кейбір депутаттардың бес жұлдызды Soluxe Hotel Astana ("Пекин Палас") қонақүйінде тұру жайы қызу талқыланған. Әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылар депутаттардың қаладағы ең қымбат қонақүйлердің біріне орналастырылғанына және қонақүй ақшасы бюджет есебінен төленгеніне наразылық білдіре бастаған.

Мәжіліс жиынының арасында журналистерге түсінік берген депутат Гүлжан Қарағұсова мемлекет депутаттарды үймен қамтуы тиіс болғандықтан бұл мәселеде заң бұзылмағанын айтты. Ол депутаттар өздеріне қызметтік пәтер берілгенше қонақүйде уақытша тұрып жатқанын жеткізді. Журналистердің "депутаттарға неге арзанырақ қонақүй таңдалмады" деген сұрағына Қарағұсова "бұған бюджетте қаржы барын" айтып, "барлық елде мұндай деңгейдегі адамдардың өмір сүру деңгейіне қойылатын белгілі бір талаптар болатынын" жеткізді.

Мерзімінен ерте сайланған мәжілістің алтыншы шақырым депутаттары 25 наурызды жұмысқа кіріскен. 20 наурызда өткен сайлау қорытындысы бойынша, "Нұр Отан" партиясы 84 орынға, билікшіл "Ақ жол" партиясы мен Қазақстан халықтық коммунистік партиясының әрқайсысы жеті орынға ие болған. Қалған тоғыз орын Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған депуттарға тиді.

XS
SM
MD
LG