Accessibility links

Сот адвокат Омарованың тергеушіге шағымын қабылдамады


Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Алматы қаласының Медеу аудандық сотында адвокат Айман Омарованың Алматы қалалық коррупцияға қарсы қызметтің тергеушісі, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру туралы істі тергеп жатқан Бауыржан Мұжықовтың іс-әрекетіне берген шағымы қаралды.

Омарованың айтуынша, тергеуші өзін бұл істегі негізгі күдіктілердің бірі Талғат Ермегияевтің жүргізушісі болып істеген Саят Нәдірбаевтің ісі бойынша куәгер ретінде төрт рет тергеуге шақырған. Бұл істе Надірбаевты қорғайтын Омароваға үш рет тергеуге шақырту қағазы тапсырылып, бір рет шақырту облыстық адвокаттар алқасына жіберілген. Тергеу мәліметтері бойынша, Саят Нәдірбаев "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің "сенімді өкілі" болған.

Судья Бауыржан Күншаев Омарованың тергеушінің іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот отырысы аяқтала салысымен Мұжықов Омароваға кезекті рет тергеуге шақырту тапсырды. Адвокат оны алғанымен, тергеуге бармайтынын және судья Күншаевтың шешіміне қалалық сотқа шағымданатынын жеткізді.

Күншаев әуелде отырысты прокурордың жоқтығына байланысты кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Прокурор "сот отырысы болатыны ескертілсе" де сотқа сол күйі келмеді.

Коррупцияға қарсы қызметтің хабарлауынша, Саят Нәдірбаев 2016 жылы 28 наурызда ұсталған. Ол өткен жылы тамыздан бері іздеуде жүрген. Тергеушілер Нәдірбаевты осы іске қатысты адамдар жасырып отырған дейді.

XS
SM
MD
LG