Accessibility links

Астанада "Таблиғи жамағат" мүшесінің" соты кейінге қалды


Астананың Сарыарқа аудандық соты.
Астананың Сарыарқа аудандық соты.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотында экстремизм бойынша айыптар тағылған Мұрат Такаумовтың соты 19-20 сәуірге қалдырылды. Бұл туралы Азаттыққа хабарласқан айыпталушының зайыбы Айнұр айтты.

- Сот судьяны өзгертіп, сот отырысын 19 мен 20 сәуірге қалдырды. Бұған дейінгі судья Мұқанғалиеваны ауыстырып, басқа судьяны тағайындапты. Бүгін іспен таныса бастады. Мен өзім қазір Ақтөбедемін, қайын атам ауырып қалған. Сотқа Мұраттың анасы қатысып жатыр. Ол кісі қазір ұлымен кездесуде. Телефоны істемей тұр, - дейді Айнұр.

Мұрат Такаумовтың адвокаты Серік Нұрлыбаев сот отырысының кейінге қалдырылғанын растады. Оның сөзінше, сот отырысына Мұрат Такаумов айдауылмен жеткізілген. Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде Астана қаласы прокуратурасынан Серік Ишанов, Мұрат Такаумовтың анасы мен адвокаты қатысқан.

- Жаңа судьяның тағайындалғанын бүгін ғана білдік. Төрегелді (фамилиясы - ред.) деген жаңадан тағайындалған судья істі жаңадан қарай бастады. «Іспен әлі танысқан жоқпын» деп сот ол отырысын 19-20 сәуірге қалдырды. Тағылып отырған айыптар бойынша екі жыл бас бостандығынан айыру қарастырылса да «бұлтартпау шарасын өзгерту» туралы өтінішіміз қанағаттандырылмады, - дейді адвокат Серік Нұрлыбаев.

Мұрат Такаумов қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысқан» деп айыпталған. Ол өткен жылдың 18 қарашасынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыр.

Астана соты 2013 жылдың ақпанында «Таблиғи жамағат» діни ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Ел билігі «Таблиғи жамағат» ұйымының басты мақсаты Орталық Азия территориясында халифат құру деп санайды. 2013 жылдан бері елде ондаған адам осы ұйымға мүше болды деген айыппен сотталды.

XS
SM
MD
LG