Accessibility links

Ереван Астанаға ЕАЭО саммиті үшін кінә артты


Армения президенті Серж Саргсян
Армения президенті Серж Саргсян

Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, Армения Қазақстанды ЕАЭО-ның Ереванда өтуі тиіс болған саммитіне Әзербайжанды қолдау ниетімен қарсы шықты деп айыптады. Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения мен Қырғызстан премьер-министрлері 8 сәуір күні Ереванда Еуразия экономика одағының үкіметаралық кеңесін өткізуі тиіс еді. Бұл кездесуге Қазақстанның үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келмейтін болғасын жиын өтпей қалған. Мәсімов Мәскеуге кеңесті басқа елде өткізу туралы ұсыныс жасаған.

Бейсенбі күні Ереванда Ресей премьері Дмитрий Медведевті қабылдаған Армения президенті Серж Саргсян саммит мәселесін көтеріп, "Қазақстанның бұл әрекеті арқылы Әзербайжанға қаншалықты пайда тигізгенін білмедім, бірақ ЕАЭО-ның беделіне нұқсан келтіргені анық" деген. Әзербайжанмен мәдени және тілдік жақындығы бар Қазақстан Еревандағы саммитке қатыспау себебін ресми түрде түсіндірген жоқ. Кейбір сарапшылар Астана 2 сәуірден бері қайта жанданған Қарабақ жанжалы кезінде Арменияны қолдағандай болып көрінгісі келмейді деп санайды.

Медведев ЕАЭО-ның үкіметаралық кеңесі Ереванда жыл соңына қарай өтеді деп мәлімдеген. Ал өтпей қалған соңғы саммиттің келесі аптаның нақты қай күні Мәскеуде ұйымдастырылатыны әлі белгісіз. Жұма күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Кремль таратқан мәліметке сәйкес екі президент ЕАЭО аясындағы жоғары дәрежелі кездесулердің кестесі мен Таулы Қарабақ жанжалын басу туралы пікір алысқан.

XS
SM
MD
LG