Accessibility links

Қырғыз премьері отставкаға кетті


Қырғызстанның отставкаға кеткен премьері Темір Сариев.
Қырғызстанның отставкаға кеткен премьері Темір Сариев.

Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев отставкаға кетті. Бұл туралы ол бүгін үкіметтің кезектен тыс отырысында мәлімдеді. Сариевтің сөзінше, ол отставкаға кететінін президент Алмазбек Атамбаевқа хабарлаған.

Азатықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Темір Сариев мәлімдемесінде парламент үкіметке екі рет сенім білдіргенін айтты. Ол президент үкімет жұмысына тікелей килікпегенін, қашан да саяси қолдау көрсеткенін айтты. Сариев үкімет жұмысына кедергі үнемі болғанын, бірақ соңғы кезде ол күшейгенін жеткізді. Бұған қоса кейбір саясаткерлер де материалдық мүдде тұрғысынан үкімет қызметіне киліге бастаған.

Сариев Балыкчи - Корумду жолы құрылысына қатысты тендер бойынша пікірін білдіруді дұрыс деп санайтынын айтты.

Алдын ала мәлімет бойынша, премьерлікке Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасы қарастырылып жатыр. Егер Жээнбеков үкіметті басқарса, онда оның туған ағасы Асылбек Жээнбеков парламент спикері қызметінен кетеді.

Дереккөзінің хабарлауынша, әзірге парламент спикері қызметіне Чыныбай Турсунбеков пен Иса Омуркуловтың кандидатуралары қаралып жатыр.

Соңғы күндері қырғыз қоғамында премьердің Балыкчы - Тамчы - Чолпон-Ата - Корумду жолын жөндеу бойынша тендерді жүргізуде заң бұзушылық болғаны анықталған соң отставкаға кетуі мүмкін екені айтыла бастаған.

Тендерде заң бұзылғанын анықтаған депутаттық комиссия өз шешімін парламенттің пленарлық отырысында жариялайды.

XS
SM
MD
LG