Accessibility links

Шымкентте белсендінің алдын ала сот тыңдауы өтті


"Үйімізді қорғайық" ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.
"Үйімізді қорғайық" ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабымен айыпталған Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті.

«Адвокат (Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваны айтады – ред.) істі қысқартуды сұрады. Соған байланысты алдын ала тыңдау өткізіп жатырмыз. Жабық түрде болады. Онда айыпталушы мен жәбірленушілер және олардың адвокаттары, прокурор ғана қатыса алады» деді судья Мадияр Әбдірасилов.

Тыңдауға сегіз жәбірленушінің екеуі, айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова мен оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева, прокурор және судья қатысты. Куәгерлер мен Қыздығой Ажарқұлованың 20 шақты жақтасы тыңдау біткенше сыртта күтіп отырды.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Қыздығой Ажарқұлованың айыпталуына «қоғамдағы орны мен белсенділігі де себеп болуы мүмкін» екенін айтып:«Бар дәлелдерімізді сотта айтамыз» деп жауап берді.

«Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр.

Оны қамауға өздерін «Үйімізді қорғайық» атты ұйымның бұрынғы мүшелері ретінде көрсеткен азаматтардың арызы себеп болған. Арызданушылар ұйым жетекшісі Қыздығой Ажарқұлованың қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде «өздеріне көмектесе алмағанын» айтып, оны «алаяқтығы үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, мүшелік жарна ретінде төлеген ақшаларын қайтарып берулерін талап еткен.

«Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігі 2011 жылы құрылған.

XS
SM
MD
LG