Accessibility links

Уәкіл: Білім реформасында қоғам пікірі ескерілгені жөн


Қазақстандық мектеп оқушылары (Көрнекі сурет).
Қазақстандық мектеп оқушылары (Көрнекі сурет).

Адам құқығы жөніндегі уәкіл Асхат Шәкіров білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атына орта мектепте аптасына бес күндік оқу жүйесін енгізіп, демалысты азайту мәселесіне қатысты үндеу жолдады. Үндеуде уәкіл министрлікті білім беру саласындағы реформаларда мүдделі мамандар мен азаматтық қоғам институттарының және оқушылардың өздерінің пікірі ескерілгені жөн дейді.

Уәкіл үндеуінде министрдің жаңа бастамасы құқықтық тұрғыдан оқушылардың жүктемені оңтайландыру арқылы білім алу құқығын іске асыру жақсартып, білім берудің ыңғайлы жағдайын туындатуға және білім беру талаптарын дамыған елдердегі стандарттармен теңестіруге бағытталғанын айтқан.

«Қоғамда және ақпарат құралдарында бұл мәселеде өкілетті мемлекеттік органдар жасап жатқан жеке іс-қимылдарға қатысты түрлі ой айтылып, пікірталас жүріп жатыр...Бұл процесте азаматтық қоғаммен, мектептермен, оқушылармен және ата-аналармен айқын диалог жасалмауы жекелеген мүдделі тараптардың сынына айналды» делінген үндеуде.

Қоғамда педагогтар, ата-аналар мен басқа да топтар арасында оқу жылын ұзартып, жазғы демалысты қысқарту туралы хабар түрлі пікір тудырып, бұл өзгеріске қарсы әлеуметтік желіде петицияға қол жинау басталған.Уәкілдің пікірінше, өкілетті ведомстволармен диалог болмай, пікірталас өрбісе ол білім саласында жасалатын өзгеріске кері әсер етеді.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл қазіргі мектеп бағдарламасында оқушыларға түсетін пәндік жүктеме көп екенін және олардың кейбіріня жойып, я біріктіру қажет екенін айтады. «Бірақ бес күндік оқу жүйесіне өту реформасы оқу пәндері мен демалыс күндерін механикалық тұрғыдан ғана қайта бөлу жолымен емес, қайта қарап, бағдарламаны оңтайландыру арқылы жасалуы тиіс» дейді уәкіл.

Үндеуде бұған қоса жаңа оқу форматына эмоциямен емес, оны кәсіби, ғылыми тұрғыдан зерттеліп барып көшу қажеті де айтылады. «Жаңа форматтың негізінде жас, мәдениет, климат және басқа да факторларды ескеретін мүдделі мамандардың пікірі болуы тиіс. Демалыстың ұзақтығы балалар арасындағы қылмыс деңгейіне әсер ететінін жоққа шығармағанмен, бұл мәселе балалар лагерін, секциялар мен үйірмелерді дамыту сияқты жолдармен реттеуге болар еді» дейді уәкіл.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл бірақ осы уақытқа дейін министрлік мұндай талдау жасалғаны және оның қорытындысы туралы толымды ақпарат бермеді дейді.

XS
SM
MD
LG