Accessibility links

Депутат интернет дүкендерге салық салуды ұсынды


Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына «саудамен айналысатын шетелдік интернет компанияларына салық салуды» сұрап, депутаттық сауал жолдады. Әлемдегі интернет саудасының қызып тұрғанын айтқан депутат интернет саудасына салық салу мәселесі Қазақстанда шешілмегенін айтады.

- Қазақстандағы электрондық қызмет түрлеріне салық салу тек тауары мен қызметін заңдық тұлғаларға сататын шетелдік интернет компанияларды қамтиды. Бірақ шетелдік интернет компаниялардың жеке тұлғаларға сататын тауар мен қызметіне салық салу реттелмеген, - дейді депутат Аманжан Жамалов

Депутат Аманжан Жамалов келтірген деректер бойынша, 2014 жылы Қазақстандағы интернет дүкендердің жалпы табысы 150 миллиард теңге болған. Оның 15 миллиарды қазақстандық интернет саудагерлеріне тиесілі. 2015 жылы бұл табыс 3,5 миллиард долларға жеткен. Оның 60 миллионы қазақстандық нарыққа тиесілі. Өткен жылы қазақстандық интернет саудагерлер бюджетке 3 миллиард теңге салық төлеген.

- Мемлекеттік табыс комитетінің деректері бойынша, қазақстандықтар кітап, видеофильм, ойыншықтар, киім-кешек алу үшін күнделікті бір миллиардтан астам ақша жұмсайды (интернеттегі сауданы айтады - ред.). Осындай дүкендердің көбі шетелде тіркелгендіктен Қазақстанға салық төлемейді. Біздің ақша өз еліне ғана салық төлейтін шетелдік дүкендерге кетіп жатыр, - дейді депутат Аманжан Жамалов.

Депутат Жамалов «саудамен айналысатын шетелдік интернет компанияларға салық салатын заң шығаруды», «қазақстандық интернет дүкендерге салықтық жеңілдіктер беру» туралы ұсыныс айтты.

«Интернет дүкендерге салық салу тауарлардың бағасын өсірмей ме, қарапайым халыққа салмақ болмай ма?» деген Азаттық сұрағына депутат Аманжан Жамалов «Мұны қосымша құн салығы дейді. Ол халықтың қалтасынан кететін ақша емес, ол сатқан адамның қалтасынан кететін ақша» дейді.

XS
SM
MD
LG