Accessibility links

СІМ: Оңтүстік Кореяда 1600-дей қазақстандық заңсыз жүр


Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің көрінісі. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің көрінісі. (Көрнекі сурет)

2016 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның 418 азаматы Оңтүстік Кореяға «заңсыз барғаны» үшін ол елден депортацияланған деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.

Ол Оңтүстік Корея билігіне сілтеме жасай отырып, қазір ол елде Қазақстанның 1 мың 600-ге тарта азаматы «заңсыз жүргенін» айтты.

Бұған дейін министрліктің консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев Оңтүстік Кореяның миграциялық қызметінің қызметкерлері кез-келген азаматтан елге келерде айтқан мақсатының шынайы ниетімен сәйкестігін сұрай алатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Оңтүстік Корея билігі айтылған уәжге күдік келтірсе шетелдікті елден депортациялауға хақылы.

Оңтүстік Кореямен жасалған виза талап ету тәртібін жою туралы келісім бойынша, 2014 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяға алдын ала виза жасатпай-ақ 30 күнге дейін бара алады. Бірақ министрлік бұл келісімнің Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге, оқуға, тұрақты тұруға және миссионерлік мақсатпен барушыларға қатысы жоғын айтады.

XS
SM
MD
LG