Accessibility links

Гройсман Украина үкіметін басқаруға келісті


Владимир Гройсман Украина парламенті спикері кезінде. Киев, 2016 жылдың сәуірі.
Владимир Гройсман Украина парламенті спикері кезінде. Киев, 2016 жылдың сәуірі.

Украина парламенті - Жоғарғы Раданың спикері Владимир Гройсман елдің жаңадан жасақталған үкіметін басқаруға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, парламентпен келісілген жаңа министрлер кабинеті коррупцияға «мүлдем төзбейді». Бұл жайында Гройсман Facebook-те жариялаған видео үндеуінде хабарлады.

12 сәуірде депутаттар премьер-министр Арсений Яценюкті отставкаға жіберуді дауысқа салып, одан соң жаңа үкімет құрамын жасақтауы және Гройсманды премьерлікке тағайындауы тиіс еді. Бірақ дауыс беру кейінге ысырылған.

Эспрессо.TV телеарнасы дереккөзінің хабарлауынша, Гройсман кадр мәселесіндегі келіспеушіліктен премьерлік қызметтен бір күнде үш рет бас тартқан. Депутат Мустафа Найемнің сөзінше, шешім энергетика және көмір өнеркәсібі, экономика мен денсаулық сақтау министрі қызметтеріне ұсынылған кандидаттарға қатысты келіссөзге байланысты кешеуілдеген.

«Жаңа үкімет кабинетіне қатысты келіссөз фарсқа айналып барады. 13 сәуірде серіктестер «Петр Порошенко блогы» ұсынған кандидатқа келісе алмады. «Халықтық майдан» күтіп отыр, бірақ кез-келген төзімнің шегі бар» деп мәлімдеген Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков.

Украина үкіметін 2014 жылдың ақпанынан бері басқарған Арсений Яценюк 10 сәуірде отставкаға кеткен. Ол өз шешімін Украинадағы 16 ақпанда басталған саяси дағдарыспен байланыстырған. Ол кезде Жоғарғы Рада министрлер кабинетінің өткен жылғы жұмысына қанағаттанбаған. Бірақ парламент «олигархтар мен президент Порошенконың сөз байласуы салдарынан» сенімнен айырылған Яценюк үкіметін отставкаға жібере алмаған.

XS
SM
MD
LG