Accessibility links

Түркия Ресейдің ресми агенттігі сайтын бұғаулады


Ресейдің "Спутник" мемлекеттік ақпарат агенттігінің белгісі.

Ресейдің "Спутник" мемлекеттік ақпарат агенттігінің белгісі.

Түркия билігі Ресейдің мемлекеттік "Спутник" агенттігінің веб-сайтын бұғаулады. "Спутниктің" Түркиядағы бөлімінің редакторы Махир Бозтепенің 15 сәуірде Twitter-де хабарлауынша, түркиялық қолданушылар агенттіктің түрік тіліндегі ғана емес, өзге 31 тілдегі веб-сайтына түгел кіре алмай қалған.

Бұл ақпаратқа қатысты Түркияның телекоммуникациялық, я интернет қызметін реттеу агенттігі тарабынан әзірше ешқандай ресми түсініктеме берілмеді.

14 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде тікелей эфир арқылы тұрғындар сауалына жауап бергенінде Түркия басшыларын "террористермен күресуден гөрі олармен ынтымақтасып отыр" деп айыптаған. Ол "Түркияны досымыз деп санаймыз, бірақ ақылға қонымсыз іс істейтін кейбір саясаткерлерімен қатынасымыз нашар" деген. Путин бұған қоса Түркияны "іс жүзінде азамат соғысы жағдайында тұрған мемлекет" деп, бұл елге сапарлауды "ресейліктер үшін қауіпсіз емес" деген.

Екі ел қарым-қатынасы 2015 жылы Түркия Сириямен шекарасында ресейлік Су-24 әскери ұшағын атып түсірген соң нашарлаған. Бұл оқиғадан соң Путин Түркияға санкциялар салып, екі ел арасындағы сауда-саттық күрт төмендеген.

Соңғы айларда Түркияда бірнеше оппозицияшыл басылымдар терроризм күдігімен тінтіліп, я жабылған. Құқық қорғау ұйымдары мен түркиялық ақпарат құралдары Түркиядағы "билікке оппозициялық пікірдегілердің қудаланғанын" айыптайды.

XS
SM
MD
LG