Accessibility links

Каримов пен Назарбаев су нысанын салғанда құқық нормаларын сақтауға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Ташкент, 14 сәуір 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Ташкент, 14 сәуір 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов жұма күні Ташкенттегі кездесуде Орталық Азия елдерін жаңадан гидротехникалық нысандарды, соның ішінде трансшекаралық өзендерде нысандар салған кезде халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырды. Назарбаев пен Каримов трансшекаралық өзендерді «халықтардың ортақ игілігі» деп атап, аймақтағы тұрақтылық суды парасатты және әділетті түрде пайдалануға байланысты екенін айтқан.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі сайтындағы ақпаратта Ташкент пен Астана «өзара сенімді нығайту, әрбірінің мүдделерін ескеру, энергия мен суды жинақтаудың тиімділігін қамтамасыз ету, өзара іс-қимыл форматтары мен механизмдерін жетілдіруге бағытталған ортақ тәсіл, жаңа идеялар мен бастамалар іздестіру мақсатында Орталық Азияның барша елдерін конструктивті диалогқа шақырғаны» айтылған.

Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану мәселесі – ең көкейкесті тақырыптардың бірі. 2012 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов суға байланысты дау-дамай аймақта соғыс отының тұтануына себеп болуы мүмкін деп мәлімдеген. Қырғызстан мен Тәжікстан аймақтағы ірі өзендердің бастауында, Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстан – төменгі ағысында орналасқан. Бішкек пен Душанбе өзен бойында су электр станцияларын тұрғызып, қуат өндіруге мүдделі. Бұл екі елде жаңа су электр станцияларын салуға қатысты жобалар да бар. Бірақ мұндай ұсынысты трансшекаралық өзендерді суғармалы жерге пайдаланатын көрші елдер құп көрмейді.

XS
SM
MD
LG