Accessibility links

Шымкентте бір топ тұрғын билік назарын бұру үшін жол бойына шықты


Қайтпас-1 шағын ауданы тұрғындары жергілікті биліктен қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Шымкент, 16 сәуір 2016 жыл.
Қайтпас-1 шағын ауданы тұрғындары жергілікті биліктен қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Шымкент, 16 сәуір 2016 жыл.

Шымкенттегі Қайтпас-1 шағын ауданының жиырма шақты тұрғыны жергілікті биліктің назарын өз мәселелеріне – қоғамдық көлік қатынасы мен жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткеніне аудару үшін бүгін Шымкент-Алматы тас жолына шықты.

Тұрғын Ақжайық Рахымбектің Азаттыққа айтуынша, соңғы бір айдың ішінде осы тас жолдан ары-бері өтіп жүрген оқушылардың қатысуымен 18 жол көлік оқиғасы тіркелген. Осы аптада 3 оқушы баланы автокөлік қағып кеткен, зардап шеккен екеуі әлі ауруханада емделіп жатыр.

– Шағын аудандағы бес көшеде екі мыңға жуық адам тұрады. Олардың алты жүзге жуығы – 72-жалпы орта мектептің оқушылары. Олар күнде мектепке барып-қайтқанда бастарын қауіп-қатерге тігіп жүр, - дейді Ақжайық Рақымберді.

Тұрғындар қоғамдық көлік маршрутын шағын аудандағы ішкі көшелердің бірімен жүргізуді жергілікті биліктен сұрағанымен оған қол жеткізе алмағанын айтады. Оқушылар қашықтағы мектепке қоғамдық көлікпен жету үшін бір жылдан астам уақыт жөнделіп жатқан Шымкент-Алматы тас жолына шығады. Тас жолдағы жөндеу жұмыстарының созылып кеткені де тұрғындардың наразылығын туғызған.

Жиналған тұрғындардың шағымын тыңдау үшін Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері келді.

– Тұрғындардың қоғамдық көлік жайлы шағымы бойынша аудандық жолаушылар бөліміне ұсыныс берілген. Бір қоғамдық көліктің бағыты ұзартылған, - дейді Қаратау ауданы әкімдігінің бас маманы Данияр Сұлтанов.

Бірақ тұрғындар шенеунік айтқан көлік маршруты шағын аудан ішінен өтпейтінін айтып, өтініштерін қайталады. Соңғы бір ай ішінде Қайтпас-1 шағын ауданындағы оқушы балалар тап болған 18 жол-көлік оқиғасы туралы алғаш естіген Данияр Сұлтанов тас жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмысын биыл қазанда аяқтау жоспарланып отырғанын, тұрғындардың қоғамдық көлікке қатысты шағымын басшылыққа жеткізетінін айтты. Шенеунік уәдесінен соң жиналған жұрт тарап кетті.

XS
SM
MD
LG