Accessibility links

"ӨзенМұнайГаз" бен "Қаражанбасмұнайдың" басшылары ауысты


Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» кәсіпорынының ғимараты.

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» кәсіпорынының ғимараты.

"ӨзенМұнайГаз" компаниясының бас директоры болып Дәулетжан Хасанов тағайындалды. 45 жастағы Хасанов бұған дейін "Қаражанбасмұнай" акционерлік қоғамы президенті болған.

Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. "Дәулетжан Хасанов бұл қызметпен қатар "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясы бас директорының орынбасары қызметін де қоса атқарады» делінген Азаттыққа жолданған баспасөз хабарламасында.

"ӨзенМұнайГаздың" бұрынғы директоры Мақсат Ибағаровтың қандай қызмет иеленгені туралы ешқандай ақпарат айтылмаған.

Ал "Қаражанбасмұнай" компнаиясының президенті болып Есен Қайыржан тағайындалған. Ол бұған дейін "Торғай Петролеум" акционерлік қоғамының бас директоры қызметін атқарған.

"Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы - Жаңаөзен қаласындағы ең ірі өндіріс орыны. Ондағы 16 құрылымдық өндірістік басқармада 9 мың 500 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді.

Қаражанбасмұнай кенішін игеріп отырған «Қаражанбасмұнай» компаниясында оның сервистік қызмет көрсететін «ТұлпарМұнайСервис», «АрғымакТрансСервис» мекемелерін қоса алғанда 7 мыңнан аса адам еңбек етеді.

2011 жылы «Қаржанбасмұнай» компаниясы мұнайшылары жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілге шыққан еді. Оны «ӨзенМұнайГаз» компаниясы мұнайшылары қолдап, жеті айға созылған наразылық соңы 2011 жылғы желтоқсан айындағы «Жаңаөзен оқиғасы» деген атқа ие болған мұнайшылар мен полиция қақтығысына ұласқан болатын. Қақтығыста полиция қару қолданып, ресми мәлімет бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден астам асам жараланған.

Мұнайшылар ереуілінен соң екі компанияда да технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармалары құрылып, оған жұмысқа ереуілге қатысқан мұнайшылар орналастырылған.

XS
SM
MD
LG