Accessibility links

Трамп пен Клинтон Нью-Йорктегі праймеризде жеңді


АҚШ президенттігіне Демократиялық партия мен Республикашыл партия атынан түсуге үміткерлер Хиллари Клинтон (сол жақта) және Дональд Трамп.

АҚШ президенттігіне Демократиялық партия мен Республикашыл партия атынан түсуге үміткерлер Хиллари Клинтон (сол жақта) және Дональд Трамп.

АҚШ президенттігіне кандидат болудан үміткерлер - бизнесмен Дональд Трамп пен бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Нью-Йоркте өткен Республикашыл партия мен Демократиялық партияның партия ішілік дауыс беруінде жеңіске жетті.

Алдын ала мәлімет бойынша, Трамп республикашылдардың 60 пайызға жуық даусын иеленген. Екінші орын алған Огайо штатының губернаторы Джон Кейсик 25 пайыздан сәл астам дауыс иеленген. Клинтонға праймеризге қатысқан демократ сайлаушылардың 57 пайызы дауыс берген. Оның жалғыз қарсыласы, сенатор Берни Сандерс 43 пайызға жуық дауыс алған.

Бұл жолғы жеңіс Трамп үшін ерекше болып отыр. Ол бұған дейінгі праймериздерде республикашылдардың 30-40 пайыз ғана даусын жинап жүрген еді. Қарсыластары оны республикашылдардың көпшілік даусына ие емес дейтін.

Жеңіске жету мүмкіндігі айқындалған соң Дональд Трамп сайлауалды бәсеке аяқталғанын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, оның бәсекелесі Тед Круз "математикалық есеп бойынша" "күйрегді". Бірақ Круз бұған қарсылық білдіріп, өз штатындағы жеңіс ешнәрсені анықтамайтынын айтты.

Хиллари Клинтон Нью-Йорктегі жеңіс өзін Демократиялық партия атынан "президенттікке ұсынылатын мәреге тіке жеткізгенін" мәлімдеді.

Сарапшылар Клинтон Демократиялық партия атынан президенттікке түсу бәсекесінде сөзсіз жеңеді деп болжайды. Ал Трамп партия атынан президенттікке ұсынылуға қажетті съезге қатысатын делегаттардың 1237-сінің даусына ие бола ала ма деген сұрақ белгісіз болып тұр.

XS
SM
MD
LG