Accessibility links

Үйі сүрілетін астаналық отбасы мәмілеге келді


Әбілдиновтер отбасымен келісіп сүрілетін үйден шығып келе жатқан сот орындаушылары. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.
Әбілдиновтер отбасымен келісіп сүрілетін үйден шығып келе жатқан сот орындаушылары. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

21 сәуірде Астана орталығындағы Александр Радищев көшесінің №8 барак типтес көп басты бір қабатты үйіндегі 3 пәтер тұрғындарын сот орындаушылары шығармақ болды. Оларға полиция, өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем мен арнайы жасақ жауынгерлері еріп келді. Үйде алты адам – Ғабдұл және Жұмабике Әбілдиновтер, олардың ұлы мен келіні және екі немересі тұрады. Үй иелері сот орындаушыларын үйге кіргізбей, пәтерден шығудан бас тартты.

- Астана қаласы Алматы аудандық соты 2015 жылы 1 сәуірде шығарған сот шешімі бойынша үйден шығаруға келіп тұрмыз, - деді сот орындаушы Ердәулет Болысбек.

Пәтер иелері "12 миллион теңге төлемақыға жаңа баспана тимейтінін" айтып шағынды. Олардың сөздерінше, үй-жайлары "мемлекет қажеттілігіне керек" деп алынбақшы, ап оның орнына балабақша салынады.

Астана орталығындағы сүрілуге кетпек үй. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.
Астана орталығындағы сүрілуге кетпек үй. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

Төрт сағатқа жуық созылған тартыс соңына қарай оқиға орнына қалалық жылжымайтын мүлік департаментінің жетекшісі Александр Срочков келіп, үй иелерімен келісім жүргізген соң үй иелері баспананы босататын болды.

- Біз келісімге келдік. Олар ақшаны алып, үйді босатады. Ал біз 10 мамырға дейін уақыт беріп, пәтер іздеуге көмектесеміз, - деді қалалық жылжымайтын мүлік департаментінің жетекшісі Александр Строчков.

Келісімге келген екі тарап кешкі сағат 20.00 шамасында тарқасты.

Астана қаласында соңғы жылдары ескі үйлерді сүру кезінде төлемақыға қанағаттанбаған ондаған тұрғын бірнеше мәрте наразылық акцияларын ұйымдастырған. Қала билігі ескі үйлерді сүру сот шешімімен, бас жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр деп мәлімдеп келеді.

XS
SM
MD
LG