Accessibility links

Әбдішев өзін ерте босату өтінішін "қайтарып алды"


Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі.

Сот Қарағанды облысының экс-әкімі, коррупция айыбы бойынша сотталған Бауыржан Әбдішевтің өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қараусыз қалдырды. Сот өтінішті Әбдішевтің өтінішін қайтарып алуына байланысты қарамаған. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Қарағандының Қазыбек би аудандық соты 48 жастағы Әбдішевтің өтінішін 20 сәуірде қарауы тиіс болған. Бірақ, сот ақпаратына қарағанда Әбдішев сот отырысына бір күн қалғанда өтінішін қайтарып алатыны туралы мәлімдеме түсірген.

Экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша айыпталған Қарағандының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті сот бес жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеуге және бес жыл мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салу үкімін кескен. Онымен бірге Қарағанды облысы мен қаласының бұрынғы бірнеше шенеунігі сотталған. Осы аптаның басында бұл іс бойынша сотталған Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтың мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғаны хабарланған.

Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы және облысының бұрынғы шенеуніктерінің ісі бойынша сот 2015 жылы желтоқсанда аяқталған. Іс бойынша 21 адам сотталған. 12 сотталушы үкімге қарсы шағым берген. Биыл наурызда апелляциялық инстанция Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан.

XS
SM
MD
LG