Accessibility links

Ыдырысов Қырымға бару жайын "жете ойлануға" шақырды


Ерлан Ыдырысов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Ерлан Ыдырысов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қазақстандықтарға Қырымға сапарлап бару мәселесінде "жете ойлануды" ұсынды.

Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы аясында Ыдырысов қазақстандықтар "екі бауырлас елдің мұндай қарама-қайшы ұстанымына байланысты шешімді өздері қабылдауы тиіс" екенін айтты. Министр Қырым тақырыбы "тым күрделі халықаралық мәселе" екенін және оның шешімі халықаралық құқыққа тірелетінін жеткізді. Ыдырысов қазақстандық туристер "шағын ақпараттық бәсекелестіктің нысанына айналды" деп санайды.

Украинаның Қазақстандағы елшілігі таяуда Қазақстан азаматтарына Рсей территориясына өткен Қырым түбегіне бармауға шақырған үндеу таратқан. Елшілік түбек уақытша басып алынған территория дейді. Бұдан бірнеше күннен соң Ресейдің Қазақстандағы елшілігі украин билігінің "Қырымды басып алды" деген ұйғарымын негізсіз деп, Қырымға барған қазақстандықтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілетінін мәлімдеген.

Ыдырысов бұған қоса қазақстандық туристердің таңдау еркі барын, қайда баруды, оның ішінде Түркия шипажайларына баруды да өзі білетінін айтты. "Түркия енді соншалықты қауіпті емес. Түркия қауіпті деп кім айтты? Египет бағыты ашылып жатыр. Өздеріңіз зерттеулеріңіз керек" деді министр.

Кейбір мәліметтер бойынша, қазақстандық туристік агенттіктер биыл клиенттеріне Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан аннексиялап алған Қырым түбегіне жолдама ұсынып жатыр. Ресейде Қырым бағыты жазғы демалысты өткізу орны ретінде белсенді жарнамаланып жатыр. Ресей билігі бұған қоса Анкарамен қарым-қатынасы нашарлаған соң азаматтарына Түркияға сапарлауға кеңес бермейді.

XS
SM
MD
LG