Accessibility links

Лавров Анкараның Таулы Қарабақ туралы ұстанымын сынады


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) Армения сыртқы істер министрі Эдвард Налбандянмен кездесуде. Ереван, 22 сәуір 2016 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) Армения сыртқы істер министрі Эдвард Налбандянмен кездесуде. Ереван, 22 сәуір 2016 жыл.

Ресей Түркия билігінің Таулы Қарабақ аймағында Армения мен Әзербайжан күштері арасында қақтығыс туғанда жасаған мәлімдемелерін "мүлдем қабылдауға тұрмайды" деп сынады.

"Мұндай мәлімдемелер бейбітшілікке емес, соғысқа шақырады" деді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 22 сәуірде Ереванда Армения сыртқы істер министрі Эдвард Налбандянмен кездесуінде.

Армения қолдайтын сепаратистер мен Әзербайжан әскері арасында 2 сәуірде қақтығыс басталып, 5 сәуірде екі жақ арасында бітім жасалған. Бірақ арасында бітім бұзылып, екі жақ бір-бірін оқ атты деп айыптайды. Жанжалдан екі жақтан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия "Әзербайжандағы бауырластары жағына шығатынын" айтып, "Қарабақ күндердің күнінде өзінің шын иесі - Әзербайжанға қайтарылады" деп мәлімдеген.

Ердоған сонымен қатар Ресейді қақтығыста Армения жағына шығып кетті деп айыптаған.

Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы Анкара 2015 жылы қарашада Сириямен шекарада ресейлік әскери ұшақты атып түсірген соң нашарлаған.

Әзербайжан мен Армения арасында 1990 жылдардың басында Таулы Қарабақ аймағына қатысты соғыс болып, кейін бітім жасасқан. Негізінен этникалық армяндар тұратын территория 1988-1994 жылдардағы соғыста Әзербайжаннан тәуелсіздігін жариялаған. Соғыстан 30 мыңға тарта адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG