Accessibility links

Лондонда Барак Обама мен Дэвид Кэмерон кездесті


Дэвид Кэмерон (сол жақта) және Барак Обама. Лондон, 22 сәуір 2016 жыл.
Дэвид Кэмерон (сол жақта) және Барак Обама. Лондон, 22 сәуір 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама жұма күні Лондонға сапары кезінде Сириядағы атысты тоқтату туралы бітімнің болашағына байланысты алаңдаушылық білдірді. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Обама бітім Вашингтон күткен мерзімнен де ұзаққа жалғасып отырғанын атап өткен. Президенттің сөзінше, соңғы жеті аптада Сирияда қарулы қақтығыстардың бәсеңдеуінен халық аздап болсын жеңілдікті сезіне бастаған.

Барак Обама егер бітім бұзылатын болса, онда одақтастар «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресті тоқтатпастан бітімді қалпына келтіруге күш салатындарын айтқан. АҚШ президентінің сөзінше, ол Ресей президенті Владимир Путиннің Сириядағы іс-әрекетіне үнемі күмәнмен қарап келген және Мәскеудің Иранмен қосылып Башар Асадтың қатал режиміне қолдайтынын көрген.

Лондонға сапары кезінде АҚШ президенті Обама британ премьер-министрі Кэмеронмен Ұлыбританияның Еуропа Одағы құрамындағы орны жөніндегі референдум мәселелерін талқылаған. Қос саясаткер тығыз қарым-қатынастағы одақтас екі ел Еуропаның күшті әрі бірегей болғанына мүдделі екендерін білдірген. Сонымен бірге британ премьері өз елінің азаматтары өз шешімін дербес қабылдайтынын атап айтқан.

Барак Обама мен оның зайыбы Мишель жұма күні Виндзор қамалында 90 жасқа толған ІІ Елизавета патшайым және оның күйеуі Филип ханзадамен бірге түстік ас ішкен.

Лондонға сапармен келер алдында британдық Daily Telegraph басылымындағы жарияланған мақаласында АҚШ президенті британдықтарды ЕО құрамынан шықпауға шақырған.

Бұл сөзі үшін Обама ЕО-дан шығуды қолдайтындар тарапынан сынға іліккен.

Ұлыбританияның Еуропа Одағына мүшелігіне қатысты референдум биылғы маусым айының 23-іне тағайындалған.

XS
SM
MD
LG