Accessibility links

Меркель мен Туск Түркияда босқындар лагерінде болды


Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) және Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу (ортада) Түркиядағы босқындар лагерінде. 23 сәуір 2016 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) және Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу (ортада) Түркиядағы босқындар лагерінде. 23 сәуір 2016 жыл.

Егер Брюссель Түркия азаматтары үшін виза тәртібін алып тастамаса, онда Еуропа Одағы мен Түркия арасында босқындар бойынша келісім толыққанды орындалмайды. Бұл туралы сенбі күні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп қаласында Германия канцлері Ангела Меркельмен өткізген кездесуден соң түрік премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу мәлімдеген.

Ол Анкараның виза тәртібін алып тастауға қатысты қойылған барлық талаптарды орындағанын, енді Еуропа Одағы тарапынан тиісті қадамдар жасалады деп күтетінін айтқан. Түркия премьері өз үкіметін сириялық босқындарды азаматтық соғыс жүріп жатқан Отанына олардың келісімінсіз мәжбүрлеп қайтарады деп кінәлаған Amnesty International ұйымының айыптауын жоққа шығарған.

Еуропа Одағы мен Түркия арасында жасалған мигранттар туралы қолданыстағы келісім нәтижесін беріп отыр деп мәлімдеген Ахмет Дәуітоглу. Егер былтырғы жылдың соңында Түркиядан Еуропаға Эгей теңізі арқылы күн сайын шамамен алты мың босқын сапарға шықса, соңғы айларда олардың саны тәулігіне жүз елу адамнан аспайды дейді ол.

Түркияға Меркельмен бірге барған Еуропалық кеңес басшысы Дональд Туск босқындар легі саябырлағанын растады. Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, Туск сөзінде Түркияны «босқындармен қалай жұмыс жасаудың әлемдегі ең жарқын мысалы» болып отыр деп мақтаған.

Түркия сапары кезінде Меркель, Туск және Еурокомиссия вице-президенті Франс Тиммерманс Түркияның оңтүстігіндегі босқындар лагерінде болды, сонымен бірге олар мигранттарға арналған балалар орталығының ашылуына қатысқан.

XS
SM
MD
LG