Accessibility links

Президент Назарбаев жер дауы туралы айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада жаңадан бас прокурорды тағайындаған жиынында жұртты наразы еткен мәселе - жер кодексі өзгерістері жайлы да айтты.

"Онда жерді шетелдіктерге сатамыз деген сөз жоқ. Қазақстан азаматтары жекешелендірсін, жердің иесі болсын, жер топырағы шыққанша пайдаланылмасын, бос жатпасын, елдің игілігіне жарасын дегенбіз" деді ол.

Жерді "латифундистер басып алғанын", олардың кейбірі кәдеге жаратпайтынын айтқан Қазақстан президенті "бақыт әкелуі тиіс қазақстандық жер түсініксіз мақсатқа пайдаланылып жатыр, мұның бәрін басқаша түсіндіреді" деді.

Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға 2015 жылы күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.

Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. Ал кеше Атыраудағы жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған.

XS
SM
MD
LG