Accessibility links

Журналист оппозициялық газетке қысым жасалатынын айтты


Журналист Жанболат Мамай

Журналист Жанболат Мамай

Алматыда оппозициялық газет журналисі Жанболат Мамай басылым редакциясына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Баспасөз конференциясын өткізген Мамай "Трибуна - Саясат алаңы" газетінің бұрынғы құрылтайшысына қысым жасалып жатқанын айтты.

Екі жыл бұрын Алматының Медеу аудандық соты сол кездегі "Трибуна - Саясат алаңы" газетінің құрылтайшысы Әсем Әлмұхаметқызынан зейнеткер Көпесбай Жәмпейісовке "моральдық шығын" келтіргені үшін екі миллион теңге өндіріп беруге шешім шығарған. Жанжал 2013 жылы Жәмпейісовтің «редакция халық менталитетін сынаған сөзімді биліктің менталитетін сынады деп бұрмалап жариялады» деген шағымынан басталған.

Редакция қателігін кезінде мойындаған, бірақ зейнеткердің талап-арызы биліктің ойдан шығарған саяси себептермен қудалау амалына айналды дейді. Жәмпейісовке өтемақы төлеу мерзімін редакция созып алғаны себепті енді іс оппозициялық газеттің бұрынғы өкілін тергеуге дейін жеткен.

"Саясат алаңы" газетін қызметін тоқтатқан. Бұдан соң белгілі бір уақыт "Трибуна - Ашық алаң" газеті шығып тұрған. Қазір "Саяси қалам" газеті шығады. Газет бейресми түрде "Трибуна - Саяси қалам" деп аталады.

Редакция Жәмпейісовтің өтемақысын екі жыл бойы төлемеген. Биыл сәуірдің басында сот орындаушылары «Трибуна – Саяси қалам» газеті басшылығына қарсы сот шешімін орындамау бабы бойынша үш жылға дейін жаза қарастырылған қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған. Бұл хабардан кейін газет басшылығы 1,3 миллион теңге төлеген. Бұған қарамастан, 21 сәуір күні «Трибуна – Саясат алаңы» газетінің құрылтайшысы Әсем Әлмұхамбетқызын полиция учаскесіне мәжбүрлі түрде жеткізіп, қорғану құқығы бар куәгер ретінде тергеген.

Жанболат Мамайдың сөзінше, қазір газеттегі "өткір ақпараттың" жариялануын тоқтатып, редакция саясатын өзгерту әрекеті жасалып жатыр. Мамай газетке қатысты жағдайға бірқатар халықаралық баспасөз құқығын қорғау ұйымы қызығушылық танытып отыр дейді.

XS
SM
MD
LG