Accessibility links

Семей билігі жиын өткізуге қатысты ескерту жасады


Семей қаласы (Көрнекі сурет).

Семей қаласы (Көрнекі сурет).

Семей қалалық прокуратурасы қалада рұқсат етілмеген митинг, жиын өткізуге қатысты ескерту жасады.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, қала прокуроры Тәжиден Найманов заң бойынша бейбіт шеру, митинг өткізуден 10 күн бұрын ол туралы жергілікті атқарушы органға өтініш беру қажет екенін, рұқсатсыз жиын өткізуге болмайтынын айтқан. "Бұлай болмаған жағдайда әкімшілік жаза көріледі. Ал мұндай митингіде тәртіпсіздікке жол берілсе онда қылмыстық жазаға тарту қарастырылған" деген Тәжиден Найманов.

Ал қала әкімі Ермак Салимов тұрғындарды "арандатуға ұрынып қалмауға" шақырып, Семей билігі "мемлекет мүддесін қолданыстағы құқықтық жолмен қорғауға дайын екенін" айтқан.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Семейде жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы жиын өтетіні туралы хабарламалар пайда болған.

Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.

Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен. 24 сәуірде Атырауда жерге қатысты бірнеше мың адам жиналған митинг болған. Ал 26 сәуірде Алматының "Астана" алаңында жерді жалға беруге қарсы жалғыз адамдық пикетке шыққан тұрғынды полиция ұстап әкеткен.

XS
SM
MD
LG