Accessibility links

Украинадан Қазақстанға Ресей арқылы жүк тасу алымы белгілі


Украинадан Қазақстанға жүк әкеле жатқан көліктер Ресейде тұр. 15 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинадан Қазақстанға жүк әкеле жатқан көліктер Ресейде тұр. 15 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Украинадан тауар тасымалдайтын қазақстандық жүк тасымалдаушылар Ресей арқылы өткенде күніне 900 рубль төлеп, ГЛОНАСС жүйесі арқылы істейтін пломбаны жалға алуға міндетті.

Азаттықтың сауалына жауап берген ресми органның дерегінше, сонымен бірге әр автокөлік иесі Ресей көлік министрлігі белгілеген коммерциялық ұйымның есепшотына депозит ретінде 30 мың рубль салуы тиіс.

Бұдан бұрын Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылау департаменті бастығы қызметін уақытша атқарушы Қайрат Маубаев "қазақстандық жүк тасымалдаушылар кедендік шығарып салу қызметі үшін Ресейде жолдың әр 100 километріне 3 мың рубль (шамамен 41 АҚШ доллары) ақы төлеуі тиіс" екенін айтқан.

Биыл қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин өз елінің аумағы арқылы Украинадан Қазақстанға тасымалданатын жүк транзитін реттейтін жарлыққа қол қойған. Ресей федерациясының құқықтық ақпараты ресми порталында жарияланған құжатқа сәйкес, енді Украинадан Қазақстанға жүк тасымалдау тек Беларус аумағы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, жаңа тәртіп жүк тасымалдаушыларды идентификациялық құралдар, соның ішінде ресейлік ГЛОНАСС навигациялық жүйесіне негізделген құралдарды пайдалануға міндеттейді.

2016 жылы қаңтардың 1-інен бастап Ресей мен Украина арасында еркін сауда аймағы туралы келісім күші тоқтатылған. Ресей бұған дейін Украина мен Еуропа Одағының өзара еркін сауда аймағы туралы келісім жасасуына жауап шара ретінде осындай шешім қабылдаған.

XS
SM
MD
LG