Accessibility links

Шымкентте жер дауын дәмханада талқылауға мәжбүр болды


Шымкентте жер мәселесін дәмханада талқылаған жиын. 28 сәуір 2016 жыл.

Шымкентте жер мәселесін дәмханада талқылаған жиын. 28 сәуір 2016 жыл.

Бүгін Шымкентте отызға жуық адам үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарын дәмханада талқылады.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, жиынды Темірлан көшесінің бойындағы жекеменшік нысандардың бірінде өткізу жоспарланған. Алайда белгісіз себептерге байланысты мекеме басшылығы нысанды жалға беруден бас тартқан.

Азаттық тілшісі жиын өтеді деген мекемеге барып, қақпасының алдында жергілікті әкімдік пен құқық қорғау қызметкерлерінің өкілдері жүргеніне куә болды. Ал жиналған жұрт Темірлан көшесінің бойында орналасқан дәмханалардың біріне кіріп, жиын өткізді.

Жиналғандар «жер тағдыры – ел тағдыры» екенін айтып, «жердің сатылуына және жалға берілуіне қарсы» екенін білдірді. Жиын соңында 21 мамыр күні ұйымдастырылатын митингке рұқсат алу үшін жергілікті билікке өтініш беретіндерін мәлімдеді.

Дәмхана маңында Азаттық тілшісі Шымкенттің Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешті көріп қалды. Ол мұнда "жерге қатысты жиын өтіп жатыр дегенді естіп келгенін" айтты. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Нұрлан Тілеш "бұл мәселеде бір-бірін шақырып, жаппай жиын өткізуге болмайтынын" және "біреуге еліктеудің қажет емесін" айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені "заңды жолмен шешу керек".

- Кеше президент деңгейінде тапсырма берілді. Біз осы жер мәселесі бойынша қаладағы төрт ауданда комиссия құрдық. Оған жергілікті ақсақалдар, әділет, жер басқармалары мен әкімнің орынбасарларын кіргіздік. Арнайы кесте жасадық. Енді елді мекендерде жер мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, - деді Нұрлан Тілеш.

Дәмханадағы бұл жиынды полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG