Accessibility links

Ақтауда алаңға келгендер "жауапталып жатыр"


Белсенділерді таратып жүрген полицейлер. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл.

Белсенділерді таратып жүрген полицейлер. Ақтау, 28 сәуір 2016 жыл.

28 сәуірде Ақтаудағы орталық алаңға келіп, биліктің кейбір ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату туралы жоспарына қарсы сөйлеген бірнеше адамды полицияның ұстап алып кеткені туралы хабар тарады.

Азаттыққа хабарласқан жергілікті белсенді Шынар Қиянова митингіден соң бір топ тұрғынды полиция бөлімшесіне алып кеткенін айтты.

- Біздің көлігімзге отырған полиция қызметкері: "Сіз белсендісіз, бөлімге апарып жауаптаймыз" деп алып келді. Қазір қасымда Алуаш Оңғарова және Дәулет Лепес есімді кісілер бар. Тергеушіні күтіп отырмыз, - деді ол.

Кейін Азаттыққа хабарласқан Есен Өмірзақ есімді Ақтау тұрғыны алаңдағы бейбіт жиынға барған елу шақты адамды полицияның ұстап әкеткенін хабарлады.

- Бәрінен түсініктеме алып жатыр, мен күтіп тұрмын, - деді ол.

Азаттық тілшісі белсенділердің не себепті жауаптауға әкетілгенін білу үшін Ақтау қалалық ішкі істер басқармасына телефон шалды. Хатшы: «Басқарма бастығы Болатбек Ақшауов - демалыста, ал оның орынбасары бүгінгі митингке байланысты жиын өткізіп жатқандықтан қолы бос емес" деп жауап қайырды.

Ондаған ақтаулықтың бүгін өткізбекші болған бейбіт жиынын полиция кедергі жасап, таратып жіберген. Белсенділер үкіметтің жуырда жариялаған ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату жоспарына қарсы. Мұндай наразылық шарасы 24 сәуірде Атырауда өтіп, оған мыңдаған адам қатысқан. 27 сәуірде Ақтөбе мен Семейде де жүздеген адам биліктен жер сату жоспарын тоқтатуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG