Accessibility links

Алматыда ұсталған белсенділер мен журналистер босатылды


Полиция жасағы Маржан Аспандиярованы күшпен әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Полиция жасағы Маржан Аспандиярованы күшпен әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Алматыда бүгін полиция жер мәселесіне қатысты жиын өткізетін кезде ұстаған белсенділер мен журналистерді босатты.

Бүгін таңертең сағат 11-де Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында бір топ қоғамдық белсенділер мен журналистер жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсылық білдіру туралы митинг өткізуге рұқсат сұрауды талқылап баспасөз жиынын өткізбек болған.

Бірақ полиция жиынға келе жатқан журналист Рысбек Сәрсенбай мен азаматтық белсенді, кәсіпкер Мұхтар Тайжанды жолдан ұстап әкеткен еді. Ал полиция арнайы жасағы баспасөз клубы алдында жиынды өткізушілер - саясаткер Маржан Аспандиярова, Әміржан Қосанов, журналистер Ермұрат Бәпи, Жанболат Мамай, Инга Иманбай және белсенді Ғалым Ағелеуовті күштеп ұстап әкеткен. Рысбек Сәрсенбай да полиция өзін күштеп әкеткенін айтқан.

Рысбек Сәрсенбай Азаттыққа Медеу аудандық ішкі істер бөлімінде өзімен бөлім бастығы сөйлесіп, рұқсат етілмеген жиын өткізуге болмайтынын ескерткенін айтты. Оның сөзінше, ішкі істер бөлімінде өзіне алдағы күндері қала билігі белсенділермен жер мәселесіне қатысты кездесу өткізетінін айтқан. Рысбек Сәрсенбай полиция ұстаған өзге де белсенділердің барлығы босатылғанын айтады.

Мұхтар Тайжан да Facebook-те Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінде бөлім бастығымен сөйлескеннен кейін үйіне әкеп тастағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG