Accessibility links

Ақтөбеде митингіге қатысқан белсендіні прокуратураға шақырды


Ақтөбелік құқық қорғаушы, журналист Әлима Әбдірова.

Ақтөбелік құқық қорғаушы, журналист Әлима Әбдірова.

Ақтөбеде бүгін құқық қорғаушы, журналист, 27 сәуірде жер дауына байланысты рұқсат етілмеген митингіге барған Әлима Әбдірованы облыстық прокуратура мен әкімдікке шақырды.

Әбдірованың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, оны бүгін таңертең інісінің үйінде отырған жеріне іздеп келген.

- Таңертең інімнің үйінде отырғам. Полиция көлігімен өзін Азамат Нұғманов деп таныстырған аға прокурор мен полицей келіп, менен облыстық прокуратура мен әкімдікке келіп кетуді талап етті. Өздері алып кетіп, әкеліп тастайтынын айтты. Менің ол органдарға не үшін баруым қажет екенін айтудан бас тартты. Ешқандай ресми шақыру қағазын да көрсетпеді. Егер бір күн ішінде бармасам "проблема туындайтынын" ескертті, - деді Әбдірова.

Құқық қорғаушының сөзінше, ол болған оқиғаны видеоға түсіріп алып, интернетке жариялайтынын айтқан.

- Прокурор Нұғыманов үйден кетіп қалған соң маған телефон соғып видеоны интернетке салсам БАҚ туралы заңға сай жауапқа тартылатынымды ескертті, - деді Әбдірова.

Әлима Әбдірова өзін прокуратура мен әкімдікке 27 сәуірде Ақтөбенің Тұңғыш президент паркінде өткен жерді сату және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіге қатысқан үшін шақыртуы мүмкін деп санайды.

Азаттық Ақтөбе облыстық прокуратурасына оқиғаға қатысты түсініктеме алмақ болып хабарласқанымен, Нұғымановтың жұмыс телефоны жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG