Accessibility links

Қызылордада "жер сату" жоспарына қарсылар облыс әкімімен кездесті


Қызылордада жұма күні бір топ азаматтық белсенді облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Белсенділер үкіметтің елдегі ауылшаруашылық мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жоспарына қоғамда алаңдаушылық барын және билікке сенім азайғанын айтты.

«Халық ертеңгі күні бала-шағамыз жерден айрылып қалмаймыз ба деп қобалжып отыр» деді азаматтық белсенді Болат Нұрқожаев.

Сонымен бірге белсенділер Жер Кодексінде «екі түрлі мағына беретін баптар барын» айтты.

«Мәселен, 20-бапта жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi ретінде көрсетілген азаматтар деп ұғымға Қазақстан азаматтарымен қатара шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар да кіреді деп берілген, заңның осындай солқылдақ тұстары жұрттың алаңдаушылығын тудырып отыр, сұрақтарына биліктен ашық жауап болмағандықтан олар қарсылық шеруіне шығып жатыр» деді белсенді Серік Теңізбаев.

Тағы бір белсенді Жасұлан Серіков облыс әкіміне жергілікті билік тарапынан тамыр-таныстық пен заңды белден басуға жол берудің соңы халық сенімінің жоғалуына апарып соғу мүмкін екенін ескертті.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жер туралы заңды орындау барысында мемлекет пен халық мүддесі ескеріледі деп сендіріп, жерге қатысты қабылданған «министрдің шешімі – Құран сөзі емес, оны кеңесіп, ақылдасып, кем-кетігін түзеуге болатынын» айтты.

XS
SM
MD
LG