Accessibility links

Шымкенттік белсенділер митинг өткізуге өтініш берді


Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты. 3 мамыр 2016 жыл.

Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты. 3 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттік белсенділер «қала әкімдігі бізбен келісіп, 21 мамыр күні митинг өткізбеуге әрекет жасап жатыр» деп мәлімдеді. Белсенді Ибраһим Әлсеркенің Азаттыққа айтуынша, қала әкімдігі бірнеше белсендіні бүгін әкімдікке шақырған.

- Жерді 25 жылға жалға беру - анасын жалға берумен тең. Сондықтан да біз бұл бастамаға қарсымыз. Қарсылығымызды қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайға жеткіздік, - дейді белсенді.

Ибраһим Әлсеркенің бұл сөзін қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай да растады. Оның сөзінше, жиынға төрт белсенді қатысып, бірнеше мәселе көтерген.

- Ол кісілерді тыңдадық, пікірлерін жазып алдық. Заңда белгіленген тәртіп бойынша қарап, жауап береміз, - деді әкімнің орынбасары.

Әкімдіктегі жиыннан шыққан белсенділер 21 мамыр күні «Қазақстан жерін сатуға және шет мемлекеттердің азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға жалға беруге болмайтындығы туралы халықтың наразылығын жеткізу мақсатында» митинг өткізуге қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың атына өтініш тапсырды.

ВИДЕО: Шымкенттік белсенділер митинг өткізуге өтініш берді

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай «өтініш тасталған болса, 15 күннің ішінде жауап беретіндерін» айтады.

Сәуір айы мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына байланысты жаппай және жалғыз кісілік қарсылық акциялары өткен. Жүздеген адам қатысқан митинг Атырау, Семей және Ақтөбеде өткен. Ақтөбе, Жаңаөзен, Қызылорда қалаларында полиция наразыларға "жер мәселесіне қатысты" митинг өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG