Accessibility links

Атырауда бұрынғы полицей 22 жылға сотталды


Атыраудағы сот ғимараты (Көрнекі сурет).

Атыраудағы сот ғимараты (Көрнекі сурет).

Атырауда бұрынғы полицей Манарбек Өтеуовті қасақана кісі өлтірді және басқа да бірқатар қылмыс жасады деп айыпталып 22 жылға сотталды деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі. Атырау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 3 мамырда Өтеуовті адам ұрлады, қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдаланды, билік өкіліне зорлық көрсетті және тонаушылық жасады деп айыптаған.

Наурыз айында әлеуметтік желілерде Манарбек Өтеуовтің "өкіну хаты" тарағаны хабарланған. Хатта бұрынғы полицей өткен жылдың тамыз айындағы кісі өлтіру қылмысын бастығының "тапсырмасы бойынша" жасағанын айтқан. Өтеуов хатында қаза тапқан Дмитрий Кимнің туыстарынан кешірім сұрап, Атырау полициясының жоғары шенді бірнеше қызметкерінің атын атаған. Ол хатында Атырау ішкі істер департаментін "ақша бопсалайтын бизнес орталық" деп атаған. Кейін аймақ прокуратурасы "өкініш хат" тексеріліп жатқанын хабарлаған.

Облыстық сот бұл іс бойынша Өтеуовпен бірге оның "серігі" А.Құрбанбаевты та соттаған. Сот Құрбанбаевты ұрлық жасады деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

XS
SM
MD
LG