Accessibility links

Жер дауына орай қоғамдық тыңдау өткізу талқыланып жатыр


Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы.
Рысбек Сәрсенбай, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы.

Алматыда "жер дауына" қатысты митинг өткізуді ұйымдастыру комитеті Алматы әкімшілігінің митинг өткізуге рұқсат бермей, оның орнына "қоғамдық талқылау өткізу туралы" ұсынысын қабылдағанымен, әкімшілікке талаптар қойған. Бұл туралы Азаттыққа осы комитеттің өкілі, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай хабарлады.

Комитет өкілдерінің әкімшілікке қойған талаптарының арасында талқылауды мамырдың 7-сі күні өткізу, талқылауға келген барлық адамның қатысуына жағдай жасау (мәселен, залға сыймай қалған жұртқа ғимарат сыртында монитор орнату т.с.с), оқиғаны БАҚ арқылы объективті түрде қамтуына ықпал ету, талқылауға жер кодексіне тікелей қатысы бар атқарушы, заң шығарушы өкілдерін шақыру және басқа да ұсыныстар бар.

- Қалай болғанда да мұндай талқылау керек. Көшеде тұрып айғайлап талқыласақ та, ғимараттың ішінде отырып байыптап отырып талқыласақ та, қалай болса да біз халықтың көңіл күйін, ашу- ызасын, көзқарасын, талап тілегін биліктегілерге жеткізуміз керек. Олар тыңдауы керек. Ойлануы керек. Халыққа айтатын сөздері болса айтсын. Содан кейін барып дұрыс нәтиже шығарсын, - дейді Рысбек Сәрсенбай.

Ол әкімшілік өкілдеріне мамырдың 21-і күніне белгіленген бүкілқазақстандық митингіге де қатысатындарын, ол жерде де жер мәселелерін көтере беретіндіктерін айтып, жер дауына байланысты өз пікірлерін ашық айтқан адамдарды қудалау жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін екенін де ескерткен. Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, әкімшілік өкілдері қоғамдық талқылауды мамырдың 7-сі емес, 6-сы күні өткізуге ұсыныс жасаған. Әзірге, екі жақ қоғамдық талқылаудың өтетін күнін келісе алмай отыр. Кесімді жауап бүгін белгілі болуы тиіс.

Қоғамдық талқылау туралы Азаттық тілшісі Алматы қалалық ішкі саясат басқарма бастығы міндетін уақытша орындаушы Айдар Есенбековке хабарласқан. Есенбеков «Мен ол туралы ештеңе білмеймін» деп жауап берді. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа хабарласқан кезде қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз оның "жиналысқа кеткенін» айтты.

Бұған дейін Алматы қалалық әкімшілігі жер дауына байланысты мамырдың 7-сі күні Республика алаңында митинг өткізуге рұқсат бермеген болатын. Олар «Республика алаңы қоғамдық шаралар өткізуге арналмаған, ал ескі алаң ол күні бос емес» деп жауап қайтарған болатын. Митингті ұйымдастыру комитеті өкілдерінің айтуынша, әкімшілік митингтің орнына қоғамдық талқылау немесе дөңгелек үстел өткізуді ұсынған. Әкімшіліктің осы ұсынысын кеше комитет өкілдері мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев талқылаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG