Accessibility links

Алматыда Байдалинованың ісі бойынша сот басталды


Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 5 мамыр 2016 жыл.
Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 5 мамыр 2016 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалинованың ісі бойынша сот процесі басталды. Сотқа судья Нариман Бегалиев төрағалық етіп жатыр. Байдалиноваға "Казкоммерцбанк" туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған. Бұл іс бойынша алматылық 49 жастағы кәсіпкер Тайыр Қалдыбаев та сотқа тартылып жатыр.

23 желтоқсаннан бері қамауда отырған Байдалинова сотқа айдауылмен әкелінді. Қалдыбаевты да сотқа айдауыл әкелді. Бұған дейін Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилева Байдалинованы кепіл төлеп босату әрекеттерінен нәтиже шықпаған.

Бұл іс бойынша бұған дейін алматылық журналистер Рафаэль Балгин мен Махамбет Әуезов те күдікке ілінген. Балгин желтоқсан айында қамалып, 11 қаңтарда босатылған. Босаған күннің ертесі Балгин Әуезовпен бірге "өкініш білдірген" баспасөз конференциясын өткізген. Бүгін басталған сот процесіне олар куәгер ретінде қатысып жатыр. Сотқа алматылық журналистер Назира Дәрімбет пен Анатолий Иванов та қатысуда.

Прокурор Дәурен Халықов оқыған айыптау актісі бойынша, Тайыр Қалдыбаев "Казкоммерцбанк" беделіне нұқсан келтіретін мақалаларға тапсырыс берген. Ол Махамбет Әуезовпен және Рафаэль Балгинмен "қылмыстық сөз байласқан". Айыптау актісіне қарағандан, Балгин мақалаларды Байдалинова және шетелде тұратын Ирина Петрушевамен бірге Nakanune.kz және "Республика" сайттарында жариялаған.

Байдалинованың ісі жайлы Еуропа парламентінің 10 наурызда жарияланған қарарында айтылған. Еуропа парламентінің 156 депутаты мен жеті фракциясы Қазақстан билігін журналистерді қудалауды тоқтатуға тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы қуғын мен сот істерін доғаруға шақырған құжатқа қол қойған.

Байдалинова 23 желтоқсанда "Казкоммерцбанкті" қаралайтын мақалаларды тапсырыспен жариялау ісіне байланысты пәтеріне және Nakanune.kz сайтының редакциясына жасалған тінтуден соң ұсталған. Кейін оның "Казкоммерцбанкке" қатысты көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінгені хабарланған. Сот оны кепілге босатудан бас тартқан. Ол Алматыда тергеу абақтысында қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG