Accessibility links

БАҚ: Қазақстан Литваға Шалабаевқа қатысты нота жолдады


Интерпол сайтындағы Сырым Шалабаевқа іздеу жарияланғаны туралы мәлімет.
Интерпол сайтындағы Сырым Шалабаевқа іздеу жарияланғаны туралы мәлімет.

Ресми Астана Литваның қазақстандық бұрынғы банкир, оппозицияшыл саясаткер Мұхтар Әблязовтің қайнағасы Сырым Шалабаевқа пана беруіне байланысты Вильнюске наразылық нотасын жолдағаны хабарланды. РИА "Новости" агенттігінің Литва сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Кясутис Вашкелявичюске сілтеме жасап хабарлауынша, Литваға жіберілген нотада "Сырым Шалабаевқа пана берудің себептерін айту" туралы өтініш және Қазақстанның "бұл іс бойынша материалды беруге дайын екендігі" айтылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде Азаттыққа Вильнюсқа нота жіберу туралы ақпарат тексеріліп жатқанын айтты.

Сырым Шалабаев Интерполдың сұрауы бойынша 2015 жылы 28 шілдеде Вильнюсте ұсталған. Вильнюс территориялық соты оны экстрадициялау мәселесі шешілгенге дейін үш ай мерзімге қамауға санкция шығарған. Желтоқсан айында сот оны кепілге босатып, экстрадиция мәселесін қарауды кейінге қалдырған. Қазақстан бас прокуратурасы Қазақстанда Шалабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын, оның "БТА банктің" ірі көлемдегі мүлкін иеленіп, жұмсады деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.

Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаеваның ағасы Сырым Шалабаев бұрын Әблязовтің ісін жүргізген. Әблязовтің өзі 2013 жылдың жазында Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресей биліктерінің сұрауы бойынша ұсталған. Содан бері ол Францияда қамауда отыр. Ресей мен Украина оны қаржылық алаяқтық жасады деп айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыпты "саяси астары бар" деп, мойныдамайды.

XS
SM
MD
LG