Accessibility links

АҚШ офшорлық компаниялармен күрес шараларын қабылдады


Панамадағы Mossack Fonseca компаниясы кеңсесінің алды.

Панамадағы Mossack Fonseca компаниясы кеңсесінің алды.

АҚШ-та офшорлық банк есеп шоттарын заңсыз пайдаланумен күреске қатысты бірқатар жаңа шара қабылданды. Ол бойынша, ерекше салықтық аймақтарда орналасқан қаржылық ұйымдар өз клиенттері - компаниялардың шынайы иелерін жариялауға міндеттеледі. Бұл шаралар салықтан жалтаратындар, есірткі картелдері, қаржы жымқырушылар мен басқа да қылмыстық ұйымдар пайдаланатын жалған фирмаларды анықтау үшін қабылданған.

АҚШ билігінің офшорлық индустрияға ерекше назар аударуына таяуда панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының 11 миллион құжатының әшкере болуы ықпал етті. Бұл құжаттар арқылы жеке адамдар мен ұйымдардың көбіне заңсыз қаржылық операцияларын офшорлық банктер арқылы қалай жасыратыны әшкере болған. АҚШ-тың өзінде жеті штатта, мысалы Делавер, Вайоминг және Невадада бірер сағатта иелерінен жеке басын куәландыратын құжатын да сұрамастан компанияларды тіркеп береді. Обама әкімшілігі қабылдаған жаңа ереже банктерді, үлестік қорлар мен брокерлерді және басқа да қаржылық делдалдық жасаушыларды клиент-компанияларының иесі және кім басқарады, кім одан пайда көретіні жеке мәліметтерді тексеруге міндеттейді.

Конгресстің мақұлдауы қажет тағы бір жаңа ереже - жаңа тіркелетін компанияның шынайы иесі өзі туралы ақпаратты қаржы министрлігіне беруі тиіс. Министрлік ол ақпаратты құқық қорғау органдарына бере алады.

АҚШ қаржы министрі Джек Лью бұған қоса сенатты қаржылық қылмыс пен табысынан салық төлеуден жасырынып жүргендерді іздеуді жеңілдететін сегіз халықаралық салық конвенциясын мақұлдауға шақырды.

XS
SM
MD
LG